Армения Республикасының депозиттерді қорғау туралы заңнамасы – ЕАЭО ақпараттық порталы Депозиттерді қорғау туралы

Армения Республикасының депозиттерді қорғау туралы заңнамасы

«Жеке тұлғалардың банк салымдарына кепілдік беру туралы» Армения Республикасының Заңы

Заңның мақсаты – Армения Республикасының банк жүйесінің сенімділігін, қоғамның банк жүйесіне деген сенімін арттыруға жәрдемдесу және салымшылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

Заң жеке тұлғалардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлердің банк салымдарын өтеуге Заңда белгіленген мөлшерде кепілдік беруге байланысты қатынастарды реттейді.

Заңда Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорының функциялары, өкілеттіктері, құрылымы және оны басқару қағидаттары белгіленген.

«Армения Республикасының Орталық банкі туралы» Армения Республикасының Заңы

Заңда Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорына кредиттер беру туралы бап қамтылған.

Егер өтемақы төлеу жағдайы туындаған сәтте Армения Республикасы банк жүйесінің тұрақтылығына (өтімділігіне және/немесе төлем қабілеттілігіне) қауіп төнуі мүмкін болса, Орталық банк «Армения Республикасының бюджет жүйесі туралы» Армения Республикасы Заңының 11.1-бабында көзделген бюджеттік кепілдік берілген жағдайда, өзінің Кеңесі айқындаған тәртіппен және мерзімдерде Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорына бюджеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген кредиттер бере алады.

«Банктердің, кредиттік ұйымдардың, инвестициялық компаниялардың, инвестициялық қор басқарушыларының және сақтандыру компанияларының банкроттығы туралы» Армения Республикасының Заңы

Заңда Армения Республикасының аумағында жұмыс істейтін банктер мен кредиттік ұйымдардың дәрменсіздігі, банкроттығы ұғымдары мен белгілері, дәрменсіздік пен банкроттықтың алдын алуға бағытталған шараларды жүргізу тәртібі мен шарттары, сондай-ақ дәрменсіздік пен банкроттық туралы іс жүргізудің ерекшеліктері, аталған субъектілерді дәрменсіз және банкрот деп тану негіздері мен тәртібі, қаржылық сауықтыру түрлері мен тәсілдері белгіленген. Аталған заң сондай-ақ банк салымшыларының, кредиторлардың, уақытша әкімшіліктің, таратушы басқарушының, сондай-ақ дәрменсіздік пен банкроттыққа байланысты қатынастардың өзге де қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін белгілейді.

Заң кепілдік берілген соманы өтегеннен кейінгі Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорының талап ету құқығын реттейді. Осылайша, Қор таратылатын банкке қатысты, осы салымшының (кредитордың) өз салымын (шоттағы қалдығын) алуға құқығы болатын кезекте (кезектерде) нақты өтелген сома мөлшерінде талап ету құқығына ие болады.

«Қорлар туралы» Армения Республикасының Заңы

Егер «Жеке тұлғалардың банк салымдарына кепілдік беру туралы» Армения Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Заңның ережелері Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорына қолданылады.

Армения Республикасының Салық кодексі

Армения Республикасының Салық кодексіне сәйкес, Салымдарды өтеуге кепілдік беру қоры келесі кірістер бөлігі бойынша пайда салығын төлеуден босатылады:

  1. коммерциялық банктер «Жеке тұлғалардың банк салымдарына кепілдік беру туралы» Армения Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен төлейтін мерзімді, біржолғы және қосымша кепілдік жарналары бөлігі бойынша;
  2. Қор жеке тұлғаларға өтейтін және банктерге талап ету құқығын иелену негізінде банктерден алынатын сомалар бөлігі бойынша;
  3. келесі активтерге инвестициялаудан түскен кірістер бөлігі бойынша:
  • Армения Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына,
  • Армения Республикасының Орталық банкінде және жоғары рейтингі бар бірінші сыныпты шетелдік банктердегі банк салымы және (немесе) банк шоты ретінде,
  • Армения Республикасы Орталық банкінің бағалы қағаздарына,
  • стандартталған алтын құймаларына,
  • жоғары рейтингі бар елдердің үкіметтерінің және (немесе) орталық банктерінің бағалы қағаздарына,
  • жоғары рейтингі бар бірінші сыныпты ұйымдардың және (немесе) банктердің бағалы қағаздарына,
  • Қордың Қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша, Армения Республикасы Орталық банкі Кеңесінің келісімімен — өзге қаржылық активтерге.

Банк салымдарын тарту туралы Армения Республикасының Заңы

Заң банктердің салымдарды тарту кезінде ақпаратты ашуын, мұндай ақпаратты ұсыну тәртібі мен шарттарын, депозиттік шарттарды жарнамалау шарттарын, салымдар бойынша сыйақы есептеу тәртібін, сондай-ақ салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын басқа да құқықтық қатынастарды реттейді.

Заңда мынадай ереже қамтылған: егер банк тарапынан салымдарды тартуға қатысты қандай да бір жарнамада, хабарландыруда, ұсыныста немесе офертада, сондай-ақ Армения аумағында депозиттік шарттарға қол қою немесе шоттар ашу кезінде салымдарды өтеуге Салымдарды өтеуге кепілдік беру қоры кепілдік беретіні туралы ескертпе болса, онда ол армян тілінде, түсінікті және қандай да бір шатастыратын немесе жаңылыстыратын тұжырымдарсыз баяндалуы, «Жеке тұлғалардың банк салымдарына кепілдік беру туралы» АР Заңына сәйкес кепілдік берілген салым сомасы туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Сонымен қатар, басқа тілдерді пайдалануға тыйым салынбайды.