Халықаралық шарттар және ЕАЭО актілері
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт
2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында Беларусь, Қазақстан және Ресей басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды. Кейінірек, 2014 жылғы 10 қазанда Шартқа Армения Республикасы, ал 2014 жылғы 23 желтоқсанда Қырғыз Республикасы қосылды. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді.
Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық құқық субъектілігіне ие өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады. Шарт шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы, ЕАЭО шеңберінде Шартта және халықаралық шарттарда айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №17 қосымша (Қаржылық қызметтер көрсету жөніндегі хаттама) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржылық қызметтер саудасына, сондай-ақ қаржылық қызметтерді берушілерді құруға және (немесе) олардың қызметіне қатысты шараларына қолданылады. Құжатқа сәйкес, банк секторында мүше мемлекеттер өз іс-қимылында ең үздік халықаралық тәжірибені және Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің тиімді банктік қадағалаудың негізге алынатын қағидаттарын басшылыққа ала отырып, кредиттік ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі талаптарды үйлестіреді.
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы
Тұжырымдама 2019 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты іске асыру мақсатында әзірленді. Ол еуразиялық интеграцияның ажырамас бөлігі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастырудың мақсаттарын, қағидаттарын, кезеңдерін, өлшемшарттарын және негізгі бағыттарын айқындайды. Ортақ қаржы нарығы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің компаниялары мен азаматтары үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділік деңгейін, сапасы мен жиынтығын арттыру, сондай-ақ мүше мемлекеттердің қаржы секторларының өсуін және тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету, осы нарықта бәсекелестікті дамыту мақсатында қалыптастырылады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің депозиттерді сақтандыру жүйелерін үйлестіру мақсатындағы ынтымақтастық туралы меморандум
Меморандум Еуразиялық одақ туралы шарттың ережелерін іске асыруға жәрдемдесу үшін Армения Республикасының, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының депозиттерді сақтандыру (кепілдік беру) ұйымдары арасында 2019 жылғы 27 ақпанда жасалды.
Меморандумның мақсаттары ынтымақтастықты дамыту, ақпарат алмасу, халықаралық тәжірибені талдау және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі банк салымдарын (депозиттерді) сақтандыру (кепілдік беру) жүйелерінің жұмыс істеуін басқаратын ұйымдардың шоғырландырылған ұстанымын тұжырымдау, сондай-ақ олардың ЕЭК-пен, ұлттық орталық банктермен, атқарушы билік органдарымен, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басқа да мүдделі тұлғаларымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылы болып табылады.