Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) 1999 жылғы 15 қарашада елдегі қаржылық тұрақтылықты қолдау, екінші деңгейдегі банктердің салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құрылды. Қор коммерциялық емес ұйым болып табылады. Оның жалғыз акционері – ҚР Ұлттық Банкі.
ҚДКБҚ-ның негізгі міндеттері:
- қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысу;
- депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда депозиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
ҚДКБҚ-ның негізгі функциялары:
- қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда салымшыларға өтемақы төлейді;
- заңда көзделген жағдайда, банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде басқа банкке (банктерге) беру жөніндегі операцияны жүргізуге қатысады;
- арнайы резервті қалыптастырады;
- активтерді инвестициялайды;
- депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізілімін жүргізеді;
- агент банктерге қойылатын талаптарды белгілейді;
- кепілдік берілген өтемақыны төлеуді жүзеге асыру үшін агент банктердің алдын ала тізбесін бекітеді;
- депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банкті консервациялау кезеңінде тағайындалатын уақытша әкімшілік құрамына қатысады;
- банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған кезеңде тағайындалатын уақытша әкімшілік құрамына қатысады;
- мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің қызметін мәжбүрлеп тоқтататын филиалының) тарату комиссиясының құрамына тарату комиссиясы ҚДКБҚ алдындағы берешекті ол төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтемақы сомасы бойынша өтеген сәтке дейін қатысады;
- мәжбүрлеп таратылатын қатысушы банктің (Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің қызметін мәжбүрлеп тоқтататын филиалының) кредиторлар комитетінің құрамына тарату комиссиясы ҚДКБҚ алдындағы берешекті ол төлеген (төлейтін) кепілдік берілген өтемақы сомасы бойынша өтеген сәтке дейін қатысады.
Қазақстандағы депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушылары
Бүгінгі таңда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерін қоспағанда, барлық қазақстандық екінші деңгейдегі банктер қатысады. Банк Қор ДКБЖ қатысушы банктер тізіліміне ақпаратты енгізген күннен бастап ДКБЖ қатысушысы болады, тиісінше банк шоттарында орналастырылған жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің ұлттық және шетел валютасындағы қаражаты ҚДКБҚ кепілдік объектісіне айналады.
Кепілдік объектілері жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердегі банк шоттарындағы және банк шоты және (немесе) салым шарттарымен куәландырылған, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік банктердің филиалдарындағы ұлттық және шетел валютасындағы қаражаты болып табылады.
ҚДКБҚ кепілдігі мыналарға қолданылады:
- салымдар (депозиттер), оның ішінде талап етілгенге дейінгі және шартты салымдар;
- қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған күнге есептелген салымдар (депозиттер) бойынша сыйақылар;
- ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақша.
Қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған жағдайда, банк шотының, карточканың және (немесе) депозиттің иесі ол (олар) бойынша кепілдік берілген өтемақының ең жоғары сомасы шегінде ұлттық валютамен кепілдік берілген өтемақы алуға құқылы.
Кепілдіктің ең жоғары сомасы:
- ұлттық валютадағы жинақ салымдары (депозиттері) бойынша 20 миллион теңгені;
- ұлттық валютадағы карточкалар, шоттар және басқа да депозиттер бойынша 10 миллион теңгені;
- шетел валютасындағы карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша 5 миллион теңгені (қатысушы банк лицензиядан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша баламада) құрайды.
- Егер бір қатысушы банкте түрлері мен валютасы әртүрлі бірнеше депозит орналастырылса, депозиттің әрбір түрі бойынша шектерді ескере отырып, барлық депозиттер бойынша жиынтық қалдық сомасына кепілдік беріледі, бірақ кепілдік берілген өтемақының ең жоғары сомасы – 20 миллион теңгеден аспайды.