«Салымдарды сақтандыру жөніндегі агенттік» мемлекеттік корпорациясы (Ресей Федерациясы)
«Салымдарды сақтандыру жөніндегі агенттік» мемлекеттік корпорациясы салымдарды сақтандыру жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «Ресей Федерациясының банктеріндегі салымдарды сақтандыру туралы» 2003 жылғы 23 желтоқсандағы № 177-ФЗ Федералдық заңы негізінде 2004 жылғы қаңтарда құрылды.
Салымдарды сақтандыру
Агенттіктің басты функциясы – сақтандыру жағдайы туындаған кезде салымдарды сақтандыру жүйесіне қатысушы банктердегі салымдар бойынша өтемақы төлеуді қамтамасыз ету.
Жеке тұлғалардың қаражатын салымдарға тартуға лицензиясы бар барлық банктер үшін салымдарды сақтандыру жүйесіне қатысу міндетті болып табылады.
Ресейдегі салымдарды міндетті сақтандыру жүйесінің негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
– Ресей Федерациясы банктері салымшыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
– Ресей Федерациясының банк жүйесіне деген сенімді нығайту және Ресей Федерациясының банк жүйесіне ақша қаражатын тартуды ынталандыру.
Зейнетақы жинақтарына кепілдік беру
Ресей Федерациясында салымдарды сақтандыру жүйесіне ұқсас қатысушылардың жарналар механизмі бар зейнетақы жинақтарына кепілдік беру жүйесі де жұмыс істейді.
Сақтандырылған адамдардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі (СҚКЖ) Ресейдің әлеуметтік қорындағы (мемлекеттік зейнетақы қоры) және мемлекеттік емес зейнетақы қорларындағы міндетті зейнетақы жинақтарын қорғайды. Зейнетақы жинақтарына кепілдік беру қоры (ЗЖКҚ) кепілдік төлемдердің көзі болып табылады.
Қатысушылардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі (ҚҚКЖ) мемлекеттік емес зейнетақы қорларындағы ерікті жинақтарды қорғайды. Кепілдік жағдайы туындаған кезде азаматтарға зейнетақы резервтеріне кепілдік беру қорынан (ЗРКҚ) инвестициялық кірісті ескере отырып, ерікті жарналар қайтарылатын болады.
Банкроттықтың алдын алу
«Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» 2002 жылғы 26 қазандағы № 127-ФЗ Федералдық заңына сәйкес Агенттік ССЖ қатысушылары болып табылатын банктердің банкроттығының алдын алу жөніндегі шараларды жүзеге асырады. Заңға сәйкес банктердің банкроттығының алдын алу жөніндегі шараларды Агенттік мынадай жолдармен жүзеге асыра алады:
— акционерлік қоғам нысанындағы банктің жай акцияларының кемінде 75 пайызы мөлшерінде банктің акцияларын (жарғылық капиталдағы үлестерін) (жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанындағы банк қатысушыларының жалпы дауыс санының кемінде төрттен үшіне ие жарғылық капиталдағы үлестерді) сатып алатын инвесторларға қаржылық көмек көрсету;
— акционерлік қоғам нысанындағы банктің жай акцияларының кемінде 75 пайызы мөлшерінде банктің акцияларын (жарғылық капиталдағы үлестерін) (жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанындағы банк қатысушыларының жалпы дауыс санының кемінде төрттен үшіне ие жарғылық капиталдағы үлестерді) сатып алу;
— Агенттік және (немесе) инвестор осы банктен оның акцияларын (үлестерін) белгіленген мөлшерде сатып алған жағдайда банкке қаржылық көмек көрсету.
Тарату және конкурстық іс жүргізу
«Банктер және банк қызметі туралы» 1990 жылғы 2 желтоқсандағы № 395-1 және «Дәрменсіздік (банкроттық) туралы» 2002 жылғы 26 қазандағы № 127-ФЗ федералдық заңдарына сәйкес Агенттік кредиттік ұйымдардың банкроттық (тарату) рәсімдерін басқарады.
Төрелік сот мынадай жағдайларда Агенттікті конкурстық басқарушы (таратушы) етіп тағайындайды:
— егер кредиттік ұйымның жеке тұлғалардың ақша қаражатын салымдарға тартуға Ресей Банкінің лицензиясы болса,
— жоқ болып кеткен кредиттік ұйымдар – борышкерлердің банкроттығы кезінде,
— жеке тұлға болып табылатын конкурстық басқарушы шеттетілген кезде.
Агенттік кредиторлардың талаптарын анықтау және реттеу, конкурстық массаны қалыптастыру, таратылатын кредиттік ұйым мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, кредиторлармен есеп айырысуды жүргізу, банкроттық мән-жайларын анықтау сияқты міндеттерді шешумен айналысады.
Агенттік конкурстық басқарушының (таратушының) өкілеттіктерін таратылатын кредиттік ұйымның атынан Агенттіктің тапсырмаларына сәйкес сенімхат негізінде әрекет ететін өз өкілдері арқылы іске асырады.
Сонымен қатар, Агенттік таратылатын сақтандыру ұйымдары мен мемлекеттік емес зейнетақы қорларына қатысты конкурстық басқарушының өкілеттіктерін жүзеге асырады.
Толығырақ ақпаратты Агенттік сайтынан табуға болады.