2024 жылғы 4-6 шілдеде Тбилисиде (Грузия) Халықаралық конференция және IADI өңірлік комитеттерінің отырыстары өтті
Тбилисиде (Грузия) 2024 жылғы 4-6 шілдеде халықаралық іс-шаралар, соның ішінде «Депозиттерді сақтандырушылар және банктерді реттеу: қазіргі жай-күйі мен болашақ сын-қатерлер» тақырыбындағы халықаралық конференция, Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ, IADI) Еуразиялық өңірлік комитетінің (EARC) жылдық жиналысы және Еуропалық өңірлік комитетінің (ERC) жиналысы өтті. Халықаралық іс-шараларды Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы Грузияның Депозиттерді сақтандыру агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға 30 елден депозиттерді сақтандыру ұйымдарының өкілдері қатысты. Конференция барысында банктерді қайта құрылымдау процесіндегі тәсілдерді қолдану практикасымен және ДСХҚ Еуразиялық және Еуропалық өңірлік комитеттеріне мүше елдердің қадағалау органдарының шешім қабылдауына депозиттерді сақтандырушылардың қатысуымен ұсынылған банктердің дәрменсіздігін реттеу мәселелері қаралды. Австрия, Әзербайжан, Германия, Қазақстан, Түркия, Грузия және Польшаның депозиттерді сақтандыру (кепілдік беру) ұйымдарының спикерлері өз тәжірибелерімен бөлісіп, берілген тақырып бойынша пікірталас өткізді.
Еуропалық өңірлік комитеттің отырысында қатысушылар 2024-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын талқылады.
Еуразиялық өңірлік комитеттің жылдық жиналысында осы елдердегі депозиттерді сақтандыру жүйелерін дамыту туралы Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Өзбекстан Республикасының, Грузия, Түркия және Моңғолияның депозиттерді сақтандыру ұйымдары басшыларының есептері тыңдалды.
Армения Республикасының Салымдарды өтеуге кепілдік беру қорының директоры Эрмине Арутюнян, Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау агенттігінің атқарушы директоры Кадырбек Букуев, сондай-ақ Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Төрағасының орынбасары Бота Ақбаева қатысушыларға өз ұйымдарының қызметіндегі 2024 жылғы II тоқсандағы негізгі өзгерістер туралы айтып берді.
Армения қорынан Эрмине Арутюнян Армения Республикасының Орталық Банкі бастамашылық жасаған дәрменсіз банктерді реттеудің жаңа тетіктерін енгізуге және реттеу процесіндегі Армения қорының рөліне қатысты заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат ұсынды.
Еуразиялық өңірлік комитет отырысының соңында символды салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті: комитеттің келесі отырысын 2025 жылы ұйымдастыру құрметі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына берілді.
Халықаралық іс-шаралар кезінде 2024 жылғы 5 шілдеде өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылды: Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау агенттігі мен Грузияның Депозиттерді сақтандыру агенттігі арасында, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау агенттігі мен Түркияның Жинақ салымдарын сақтандыру қоры арасында. Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қоюдың мақсаты депозиттерді қорғау саласында ақпарат алмасу, ынтымақтастықты нығайту және ДСХҚ мүшелерімен бірлескен жұмыс жүргізу болып табылады.
Анықтама: Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығы (IADI) — бұл салымшыларды қорғау, банктердің дәрменсіздігін реттеу және қаржылық тұрақтылық саласындағы озық тәжірибені ілгерілету үшін депозиттерді сақтандыру (кепілдік беру) ұйымдары, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қолдау жүйелерінің басқа қатысушылары мен халықаралық қаржы институттары бірлесіп жұмыс істейтін жаһандық форум. Қазіргі уақытта оған 98 мүше (депозиттерді сақтандырушылар), 11 қауымдастырылған мүше (орталық банктер және басқа да ұлттық билік органдары) және 17 әріптес (коммерциялық емес ұлттық және халықаралық ұйымдар) кіреді. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2003 жылдан бастап, Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау агенттігі – 2013 жылдан бастап, Арменияның Салымдарды өтеуге кепілдік беру қоры – 2022 жылдан бастап ДСХҚ мүшесі болып табылады.