Ресей Федерациясында 2024 жылғы 17-18 шілдеде Сараптамалық топ пен Басшылар кеңесінің отырыстары өтті
Халықаралық іс-шаралар шеңберінде Санкт-Петербургте 2024 жылғы 17-18 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссияның Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеті жанындағы Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы банк салымдарын (депозиттерін) сақтандыру (кепілдік беру), кредиттік ұйымдарды тарату, қаржылық сауықтыру және банкроттық саласындағы заңнаманы үйлестіру жөніндегі сараптамалық топтың (бұдан әрі – Сараптамалық топ) және ЕАЭО елдерінің салымдарды (депозиттерді) сақтандыру (кепілдік беру) ұйымдары Басшылары кеңесінің (бұдан әрі – Басшылар кеңесі) отырыстары өтті.
Іс-шаралардың ұйымдастырушысы «Салымдарды сақтандыру агенттігі» мемлекеттік корпорациясы болды. Отырыстарға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің депозиттерді сақтандырушылары мен реттеушілерінің, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Банктердегі азаматтардың салымдарына кепілдік беру қорының өкілдері қатысты.
Сараптамалық топ отырысы барысында мүше мемлекеттердің банк салымдарын (депозиттерін) сақтандыру (кепілдік беру) саласындағы заңнамасын үйлестіруді жүзеге асыру, ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық процестер және ортақ қаржы нарығын қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Отырыс аясында күн тәртібіндегі келесі мәселелер талқыланды:
- «Сақтандыру объектілері» сараптамалық қорытындысы (қайта қарау);
- «Сақтандыру өтемінің мөлшері» сараптамалық қорытындысы (қайта қарау);
- «Сақтандыру жағдайы» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау);
- «Төлемді бастау мерзімі және салымшылар тізіліміне қол жеткізу мерзімі» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау);
- «Салымшының сақтандыру өтемін алу үшін өтініш беруге құқығы бар мерзім» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау);
- «Банктер қосылған және біріккен жағдайда сақтандыру қорғауды белгілі бір мерзімге ұзарту тетіктері» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау);
- «Сақтандыру өтемін төлеу үшін агент банктерді іріктеу» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау)
- «Банктің банкроттығына қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тарту және бұл процестегі депозиттерді сақтандырушының рөлі» сараптамалық қорытындысы (қайта қарау);
- «Депозиттерді сақтандырушының таратылатын банкке талап қою құқығы (қаражатты өндіріп алу)» сараптамалық қорытындысы (қайта қарау);
- «Таратылатын банктің активтерін басқару және оларды өткізу (сату)» сараптамалық қорытындысы (алғашқы қарау);
- «Терминдер сөздігі (глоссарий)» құжаты (қайта қарау).
Басшылар кеңесі аясында 2024 жылғы 18 шілдеде салымдарды сақтандыру ұйымдарының басшылары ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің банк секторлары мен депозиттерді қорғау жүйелеріндегі ахуал туралы ақпарат алмасты, сондай-ақ Үйлестіру жөніндегі сараптамалық топтың және Цифрландыру, автоматтандыру және ақпараттық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс тобының жұмыс нәтижелерін талқылады.
Сонымен қатар, отырыста Одаққа мүше мемлекеттердің депозиттерді сақтандырушыларының қызметкерлері үшін практикалық семинарлар өткізу туралы алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.