«ҚДКҚ» АҚ (Қазақстан Республикасы) активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру туралы – ЕАЭО ақпараттық порталы Депозиттерді қорғау туралы

«ҚДКҚ» АҚ (Қазақстан Республикасы) активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру туралы

05.07.2024 сағат 19:51

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚР ҰБ) «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – ҚДКҚ) активтерін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру процесінің басталғаны туралы хабарлайды. Қаражатты беру ҚР ҰБ-ның бағалы қағаздар нарығын дамыту және еншілес ұйымдардың активтерін басқарудан біртіндеп бас тарту жөніндегі стратегиясы аясында жүзеге асырылады.

Алматыда бірнеше басқарушы компания өкілдерімен тиісті келісімге қол қою рәсімі өтті.

Келісімге қол қою қорытындылары бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚДКҚ Төрағасы Әділ Өтембаев берілетін активтердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Біз тәуекелдерді бағалап, жеке компаниялар үшін инвестициялық саясатты әзірледік, оған сәйкес инвестициялау тек Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және халықаралық қаржы ұйымдарының өтеу мерзімі үш жылға дейінгі облигациялары, сондай-ақ кері РЕПО операциялары сияқты сенімді қаржы құралдарына ғана жүзеге асырылады. Біз бұл бағдарлама активтердің кірістілігін арттырады деп күтеміз. Қор үшін басты міндет – арнайы резерв қаражатын сақтау және олардың жоғары өтімділігін ұстап тұру екенін атап өткім келеді».

ҚДКҚ Төрағасы Әділ Өтембаев

Оның айтуынша, басқарушылардың алдында белгіленген эталондық портфельдің (бенчмарктың) кірістілік көрсеткішінен асып түсу мақсаты тұр. Тәуекелдер туындаған жағдайда, шартта ҚДКҚ үшін оны біржақты тәртіппен бұзу мүмкіндігі қарастырылған. Активтерді жеке басқарушыларға берген кезде активтерді есепке алуды және сақтауды, сондай-ақ жеке басқарушылардың инвестициялық саясат талаптарын сақтауын бақылауды қамтамасыз ететін кастодиандар тарапынан қосымша қадағалау жүзеге асырылуы есебінен тәуекелдер де барынша азайтылатын болады.

Өз кезегінде, ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов ҚР ҰБ бастамасы бойынша Қазақстан қор биржасының алаңында ҚДКҚ активтерін индекстік басқару мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар индексі әзірленіп, іске қосылғанын атап өтті.

«Біз ҚДКҚ және Қазақстан қор биржасымен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргіздік және бүгін, асыра сілтеусіз, тарихи сәттің алдында тұрмыз. Қазақстанда алғаш рет ҚДКҚ тұлғасындағы ірі институционалдық инвестордың активтеріне халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын индекстік тәсіл қолданылатын болады, бірақ ол дәл Қазақстан қор биржасының алаңында енгізілген жергілікті бенчмарк негізінде жүзеге асырылады. Активтерді беру отандық бағалы қағаздар нарығына елеулі серпін береді, басқарудағы активтер көлемін ұлғайту мүмкіндігі есебінен жеке басқарушы компаниялар нарығын дамытуға, сондай-ақ басқарушылар арасындағы бәсекелестікті күшейту есебінен берілген активтерді басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді».

ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда ҚДКҚ арнайы резерві активтерінің мөлшері 1,3 трлн теңгені құрайды. Бастапқы кезеңде 200 млрд теңге беріледі. Активтерді одан әрі беру жеке басқарушы компаниялардың тиімділік көрсеткіштеріне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.