Қазақстан Республикасында банк лицензиясынан айырылған кезде өтем төлеу қалай жүзеге асырылады?
Жинақтарын банкке орналастыру кезінде салымшы өзіне жиі мынадай сұрақтар қояды: «Егер бірдеңе болып, банк лицензиясынан айырылса ше?», «Егер ол банкротқа ұшыраса, ақшамды маған кім және қалай қайтарады?». Сұрақтар аз туындамайды. Сондықтан бүгінгі таңда Қазақстанда банкте сақтандыру жағдайы (лицензиядан айыру) туындаған кезде жинақтардың қайтарылуын қамтамасыз ететін депозиттерді қорғау жүйесі жұмыс істейтінін есте ұстаған жөн. Бұл процесті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) реттейді.
ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің депозиттерін тартатын барлық қазақстандық банктерде (ислам банктерінен басқа) орналастырылған қаражатқа кепілдік береді. Егер реттеуші банкті лицензиясынан айырса, ҚДКҚ салымдарда, шоттарда, төлем карточкаларында орналастырылған ақшаны кепілдік берілген өтемнің ең жоғары сомасы шегінде қайтарады:
- теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 20 млн теңге;
- теңгедегі карточкалар, шоттар және басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңге;
- шетел валютасындағы карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 5 млн теңге.
Егер бір банкте түрлері мен валютасы әртүрлі бірнеше депозит орналастырылған болса, сақтандыру жағдайы кезінде салымның әрбір түрі бойынша лимиттер ескеріле отырып, барлық депозиттер бойынша соманың жиынтық қалдығына кепілдік беріледі. Мұндай жағдайда кепілдік төлемі өтемнің шекті сомасынан – 20 млн теңгеден аспайды.
Белгіленген ең жоғары кепілдік сомалары депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушы банктеріндегі жеке тұлғалар шоттарының 99,8%-ын толық көлемде қорғауды қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен, егер банк лицензиясынан айырылса, кепілдік берілген өтемді төлеу қалай жүзеге асырылады:
- өтем төлеуге өтініштерді қабылдау 35 жұмыс күнінен кешіктірмей басталады. ҚДКҚ банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде республикалық баспа басылымдары, өзінің ресми сайты және БАҚ арқылы халықты өтем төлеуді жүзеге асыратын агент-банктерді көрсете отырып, төлемдердің басталатын күні туралы, сондай-ақ төлем кезеңі мен орындары туралы міндетті түрде хабардар етеді;
- төлемге өтініштер бір жыл ішінде қабылданады. Егер салымшылар өтем алуға жүгінбесе, олар талап етпеген сомалар БЖЗҚ-дағы олардың жеке шоттарына аударылады. Бұған қарамастан, егер белгіленген төлем мерзімі дәлелді себеппен өткізіп алынса, салымшылардың төлемге өтініш беруге құқығы бар екенін атап өткен жөн.
Бүгінгі таңда ҚДКҚ мыналарға кепілдік береді:
- жинақ, мерзімді және мерзімсіз депозиттер (ҚДКҚ сыныптамасына сәйкес);
- талап етілгенге дейінгі депозиттер;
- шартты депозиттер;
- тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымдар;
- AQYL мемлекет сыйлықақысы бар білім беру салымдары;
- ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақша;
- депозиттер бойынша есептелген сыйақы.
Өз кезегінде, мыналар қорғалуға жатпайды:
- жеке тұлғалардың металл шоттары;
- банк ұяшықтарында орналастырылған ақша мен құндылықтар;
- депозиттік сертификаттар;
- заңды тұлғалардың депозиттері;
- ислам банктерінде, оның ішінде Қазақстан аумағында ашылған шетелдік ислам банктерінің филиалдарында орналастырылған депозиттер.
Банктерде өз жинақтарын қорғау үшін жеке шарт жасасудың қажеті жоқ екенін атап өткен жөн. Ақша қаражаты шот (салым) ашылған сәттен бастап автоматты түрде ҚДКҚ қорғауына алынады.
«Тағы бір атап өтетін жайт, 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап қазақстандықтар банк шартын жасасқанға дейін өз шотының (салымының) негізгі талаптарын көре алады. Олардың ішінде нақты банк өнімі бойынша кепілдік берілген өтемнің ең жоғары сомасы, оның түрі, валютасы және қаражатты алу шарттары бар. Мұндай ақпарат клиенттің жүгіну тәсіліне қарамастан (онлайн – банктің мобильді қосымшасы/сайты арқылы, жазбаша – оның бөлімшелерінде) банк шоты (салым) шартын жасасу кезінде клиент қол қоятын жеке құжатта көрсетіледі. Біз бастамашы болған жаңашылдықтар клиенттердің депозит таңдауға саналы түрде қарауына және оған кепілдік беру шарттарын түсінуіне бағытталған, бұл оларға өз тәуекелдерін алдын ала бағалауға және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді».
ҚДКҚ Төрағасы Әділ Өтембаев
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы тамыздан бастап салымшыларға ыңғайлы болу үшін шартқа қол қою кезінде банктер клиенттерді банк шоты немесе салымның негізгі талаптары туралы кестелік және қабылдауға ыңғайлы түрде хабардар етуге міндетті болады.
Депозиттерге кепілдік беру, өтініш беру тәсілдері және қажетті құжаттар туралы толығырақ ақпарат Қордың сайтында орналастырылған.