Қазақстан Республикасында өтем алу үшін салымшы қандай құжаттарды ұсынуы қажет?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің (ислам банктерін қоспағанда, барлық қазақстандық банктер) депозиторларының құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып, елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда, ҚДКҚ оның салымшыларына заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде кепілдік берілген өтемді төлеуді жүзеге асырады.
Өтем алу процесі қарапайым және ашық: ҚДКҚ-ға, оның ішінде өзі таңдаған агент-банк арқылы тиісті өтінішпен (ҚДКҚ сайтында орналастырылған, сондай-ақ агент-банкте алуға болады) жүгіну және жеке куәлікті көрсету жеткілікті.
Алайда, салымшының кепілдік алу үшін жеке өзі жүгінуге мүмкіндігі болмайтын жағдайлар болады. Мұндай жағдайларда өтінішпен келесі тұлғалар (өтініш берушілер) жүгінуге құқылы:
- сенімхат бойынша салымшының өкілдері;
- салымшының заңды өкілдері (ата-анасы, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы);
- салымшылардың мұрагерлері;
- өзге де
- кепілдік берілген өтемді алу құқығына ие тұлғалар.
Өтініш берушілердің әрбір санаты үшін төлемге арналған өтінішпен бірге қосымша түрлі құжаттар талап етіледі.
Мысалы, салымшының сенімхат бойынша өкілдері нотариалды куәландырылған сенімхатты және оның жеке басын куәландыратын құжатты қоса беруі қажет.
Егер сенімхат шет тілінде рәсімделсе, онда мемлекеттік немесе орыс тіліндегі нотариалды куәландырылған аудармасын ұсыну керек. Қажет болған жағдайда мұндай сенімхатты апостиль қою немесе консулдық заңдастыру арқылы растау талап етілуі мүмкін.
Егер кепілдік берілген өтемді алуға салымшының заңды өкілі (ата-анасы, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы) жүгінсе, өзге құжаттар топтамасы талап етіледі:
14 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған салымшының ата-анасы – атына депозит ашылған баланың туу туралы куәлігін және өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады (егер салымшы 14-18 жаста болса, ол ата-анасының немесе ата-анасының біреуінің жазбаша рұқсатымен өз бетінше жүгіне алады);
салымшының қорғаншысы немесе қамқоршысы – өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ асырап алу туралы құжаттарды ұсынады. Егер кәмелетке толмаған балаға патронат түрінде қорғаншылық рәсімделсе, қорғаншылық және қамқоршылық органымен баланы тәрбиелеуге беру туралы шарт, қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы куәлік немесе басқа да растаушы құжаттар талап етіледі.
Өтем төлемін салымшының мұрагері алған жағдайда, оның мұрагерлік құқығын растайтын құжаттардың (мұрагерлік құқығы туралы куәлік) түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшірмелері және мұрагердің жеке басын растайтын құжат растаушы құжаттар болып табылады.
Егер өтініш беруші салымшының депозиті бойынша кепілдік берілген өтемді алу құқығына ие өзге тұлға болып табылса, онда кепілдік алу үшін оған жеке басын куәландыратын құжатты, сондай-ақ оның өтем алу құқығын растайтын құжаттарды (мысалы, сот шешімі) ұсыну қажет.
Өтем төлеуге өтініштерді қабылдау ҚДКҚ төлемдердің басталғаны туралы хабарлағаннан кейін 5 жұмыс күнінен кешіктірмей басталатынын және 1 жыл ішінде жүзеге асырылатынын есте ұстаған жөн. Өтемді тікелей төлеу өтініш пен қажетті растаушы құжаттар алынған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілетін болады.
Төлемдердің басталуы туралы хабарландыру қатысушы банк барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күнінен кешіктірмей жарияланатынын атап өткен жөн. Алайда, іс жүзінде бұл әлдеқайда тезірек жүреді – мысалы, 2020-2021 жылдардағы сақтандыру жағдайлары бойынша таратылатын «Tengri Bank», «Asia Credit Bank (АзияКредит Банк)» және «Capital Bank Kazakhstan» банктерінің салымшылары 6-8 жұмыс күні ішінде өз қаражаттарына қол жеткізді. Бұл ретте ҚДКҚ кепілдік берілген қаражатты жедел қайтару үшін барлық ұйымдастырушылық іс-шаралардың тәртібін алдын ала қарастырған. Біз сондай-ақ салымшыларды төлем кезеңі мен орындары, сондай-ақ құжаттарға қойылатын талаптарды түсіндіре отырып, жүгіну тәсілдері туралы барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеміз.
Осылайша, ашық рәсімдер мен халықты уақтылы хабардар етудің арқасында ҚДКҚ салымшылар алдындағы өз міндеттемелерінің сенімді және тиімді орындалуын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қаржы жүйесіне деген тұрақтылық пен сенімге ықпал етеді. 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры лицензиясынан айырылған банктердің салымшыларына 114,4 млрд теңге төледі.
Банк лицензиясынан айырылған кезде кепілдік берілген өтемді төлеу рәсімдері туралы толығырақ ақпаратпен ҚДКҚ веб-сайтында (www.kdif.kz) танысуға немесе 1460 тегін нөмірі арқылы бізбен байланысуға, сондай-ақ info@kdif.kz электрондық поштасына сұрау салуға немесе @kdif_ask Telegram-чатына жүгінуге болады.