Қазақстан Республикасында депозит ашу кезінде кепілдік сомасын біліңіз
Өздеріңіз білетіндей, заңнама талаптарына сәйкес екінші деңгейдегі банктер өз клиенттерін депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысуы туралы хабардар етеді, сондай-ақ банк шоты/салым шартын жасасу кезінде Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры белгілеген нысан арқылы кепілдік берілген өтемді төлеу мерзімдері мен тәртібі туралы хабарлайды. Онымен Қазақстан қорының сайтында танысуға болады.
Бұл ретте депозиттік нарықтағы өнімдердің кең желісі көбінесе салымшылардың олардың елеулі талаптарын түсінбеуіне әкеп соғады, ал олар депозит түрін және банк лицензиясынан айырылған кезде төленетін оған сәйкес кепілдік сомасын айқындауға әсер етеді.
Мәселен, ҚДКҚ бастамасы бойынша салымшылардың мүдделерін қорғау, сондай-ақ халық арасында қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында Қор банктермен бірлесіп клиенттерді хабардар ету тәртібін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап банк шоты/салым шартын жасасу кезінде банк ұсынатын ҚДКҚ хабарлама нысанында сіз банк лицензиясынан айырылған жағдайда өтем сомасын есептеу ерекшеліктері туралы біле аласыз, егер:
- бір банкте бірнеше депозит болса;
- шетел валютасында депозиттер болса;
- банк алдындағы берешек сомаңызды есепке жатқызу жүргізілсе (егер сіз бір мезгілде осы банктің қарыз алушысы болсаңыз).
Бұл ретте салымшы бұл ақпаратты шартты қандай тәсілмен жасасатынына қарамастан – сайтта немесе банктің мобильді қосымшасында онлайн немесе оның бөлімшесінде алады. Кейбір банктер бұл мәліметтерді өз сайтындағы шарттың жалпы талаптарында жазады.
Сондай-ақ, жаңартылған хабарлама нысанында жеке құжатқа сілтеме (шарт жасасу кезінде қол қойылады) бар екеніне назар аударыңыз, онда нақты банк өнімінің негізгі талаптары туралы ақпарат міндетті түрде көрсетіледі: түрі, валютасы, қаражатты толық/ішінара мерзімінен бұрын алу шарттары және кепілдіктің ең жоғары сомасы.
Мысалы, егер банк бөлімшесінде клиент теңгемен мерзімді салым ашса, онда салымшы банк шартын жасасу кезеңінде қол қоятын өтініште немесе өзге құжатта депозиттің мынадай екені көрсетіледі:
- мерзімді болып табылады;
- теңгемен орналастырылған;
- салымшы талап еткен күннен бастап 7 күн ішінде мерзімінен бұрын алуға қолжетімді;
- 10 миллион теңге шегінде ҚДКҚ кепілдігімен өтелген.
Мұндай салым шетел валютасында ашылған жағдайда құжатта түрінен, валютасынан және алу шарттарынан басқа, 5 миллион теңге мөлшеріндегі кепілдіктің ең жоғары сомасы көрсетіледі.
Ал мысалы, теңгемен жинақ салым ашылған жағдайда – негізгі талаптардан басқа, банк кепілдіктің ең жоғары сомасы 20 миллион теңгені құрайтыны туралы хабардар етеді.
Аталған ақпарат депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктің жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге арналған барлық өнімдеріне таралады. Яғни салымдарға да, клиенттердің теңгедегі және шетел валютасындағы ағымдағы шоттары мен төлем карточкаларында орналастырылған ақша қаражатына да таралады.
Осылайша, Қор мен банктердің бірлескен жұмысының нәтижесінде енді салымшыға банк шоты/салым туралы барлық маңызды ақпарат және оған кепілдік беру тетігі банк шартына қол қойылғанға дейін қолжетімді. Оны мұқият зерделеу банк лицензиясынан айырылған кезде салымшы қаражатының ҚДКҚ кепілдігімен өтелу деңгейін түсінуге және кепілдік лимиттері асып кеткен жағдайда, қаражатты заңнамада белгіленген ең жоғары мөлшер шегінде бірнеше банкке орналастыра отырып, уақтылы әртараптандыруға көмектеседі.
Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі 13 банк бұл функционалды іске асырды (жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейтін «Сити банк Қазақстан» АҚ-ты қоспағанда), 5 банк іске асырудың аяқталу сатысында тұр.
Қазақстандық салымшылардың депозиттері депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде (депозиттерді қабылдауды, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын барлық қазақстандық банктер, ислам банктерін қоспағанда) банк салымы және (немесе) банк шоты шарты жасалған сәттен бастап автоматты түрде ҚДКҚ қорғауында болатынын еске саламыз.
Қосымша салымшылар әрдайым ҚДКҚ сайтындағы калькуляторды пайдалана алады, оның көмегімен есептелген пайыздарды, салымның түрі мен валютасын, валюта айырбастау бағамын және банкте несиелердің болуын ескере отырып, салым/шот бойынша кепілдендірілген соманы оңай есептеуге болады.
Екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған депозиттер кепілдігінің қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ ақпаратпен ҚДКҚ kdif.kz сайтында танысуға немесе сұрақтарды info@kdif.kz поштасына жолдауға не ҚДКҚ call-орталығына 1460 нөмірі бойынша (қоңырау шалу тегін) хабарласуға болады.