Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау жөніндегі агенттігі – ЕАЭО ақпараттық порталы Депозиттерді қорғау туралы

Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау жөніндегі агенттігі

Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау жөніндегі агенттігі, оның мандаты, міндеттері және функциялары туралы

Қырғыз Республикасындағы депозиттерді қорғау жүйесі кепілдік жағдайы туындаған кезде «Банк салымдарын (депозиттерін) қорғау туралы» Қырғыз Республикасының Заңында көзделген сомада және тәсілдермен өтемақы беру арқылы банктердің, микроқаржылық компаниялардың және тұрғын үй-жинақ кредит компанияларының салымшыларын қорғауға, сондай-ақ жалпы банк жүйесінің тұрақтылығына жәрдемдесуге бағытталған.

Қырғыз Республикасында депозиттерді қорғау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау жөніндегі агенттігі жұмыс істейді.

Агенттік – «Банк салымдарын (депозиттерін) қорғау туралы» Қырғыз Республикасының Заңында және «Қырғыз Республикасының Депозиттерді қорғау жөніндегі агенттігі туралы» ережеде белгіленген өкілеттіктермен, құқықтармен және міндеттермен берілген, пайда табу мақсатын көздемейтін, жедел басқару құқығындағы тәуелсіз коммерциялық емес ұйым – заңды тұлға болып табылады. Агенттіктің тәуелсіздігі шешімдер қабылдау және Агенттік бюджетін қалыптастыру кезіндегі тәуелсіздікті білдіреді.

Агенттіктің құқықтық жағдайы «Банк салымдарын (депозиттерін) қорғау туралы» Қырғыз Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) айқындалады.

Агенттіктің негізгі міндеті Қырғыз Республикасындағы депозиттерді қорғау жүйесінің қызметін қамтамасыз ету болып табылады. Осы міндетті орындау үшін Агенттік Депозиттерді қорғау қорының активтерін басқарады, кепілдік жағдайы туындаған кезде салымшыларға депозиттер мен олар бойынша пайыздардың сомасын төлейді.

Агенттік өз міндеттерін іске асыру мақсатында мынадай функцияларды жүзеге асырады:

  1. қатысушы банктердің, қатысушы микроқаржылық компаниялардың және қатысушы тұрғын үй-жинақ кредит компанияларының тізілімдерін жүргізеді;
  2. салымшылар талаптарының, төленуге тиіс сомалардың және депозиттер бойынша төленген өтемақылар сомаларының есебін жүзеге асырады;
  3. Заңның күші қолданылатын салымшыларға Заңда айқындалған соманы төлейді;
  4. жарналар мөлшерін есептейді және Депозиттерді қорғау қорына жарналарды жинайды;
  5. жарналарды уақтылы және толық төлеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті іс-қимылдарды жүргізеді;
  6. жарналарды уақтылы төлемегені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар белгілейді және салады;
  7. Заңда белгіленген тәртіппен және шектерде Депозиттерді қорғау қорының активтерін басқарады;
  8. мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
  9. салымдар бойынша өтемақы төлеуді қамтамасыз ету мақсатында агент банкті іріктеуді жүзеге асырады;
  10. Заңға сәйкес таратылатын банктерден, микроқаржылық компаниялардан және тұрғын үй-жинақ кредит компанияларынан төленген өтемақылардың депозиттерді қорғау қорына өтелуін қамтамасыз етеді;
  11. қоғамның депозиттерді қорғау жүйесі туралы хабардарлығын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді;
  12. депозиттерді міндетті қорғау жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті, Қырғыз Республикасының Үкіметі бекітетін оның қызметі туралы ережеде көзделген басқа да функцияларды, өкілеттіктер мен құқықтарды жүзеге асырады.

Агенттік Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің (Үкіметінің) бастапқы жарнасы, депозиттерді қорғау жүйесіне қатысушылардың тұрақты жарналары, Агенттік алған пайыздық және инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырылатын Депозиттерді қорғау қорының активтерін басқарады.

«Банк салымдарын (депозиттерін) қорғау туралы» Қырғыз Республикасының Заңына сәйкес депозиттерді қорғау жүйесіне қатысу барлық резидент-банктер, Қырғыз Республикасында орналасқан шетелдік банктердің барлық филиалдары, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің депозиттерді қабылдауға тиісті лицензиясы бар микроқаржылық компаниялар мен тұрғын үй-жинақ кредит компаниялары үшін міндетті болып табылады.